2026 жылғы 24–30 сәуір аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының бастамасымен Еуропа өңірінің елдерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында «Вакциналар әрбір ұрпақ үшін тиімді» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) өтуде.
Аталған бастама аясында Солтүстік Қазақстан облыстық фтизиопульмонология орталығында бекітілген профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызметкерлерге жоспарлы вакцинация жүргізілді. Медицина қызметкерлері ұжымдық иммунитетті сақтау және медициналық ұйымда жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендету мақсатында иммундаудан өтті.
Иммундау — жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерінің бірі. Медицина қызметкерлері үшін вакцинацияның маңызы ерекше, өйткені олар күн сайын пациенттермен, соның ішінде иммунитеті әлсіреген және созылмалы аурулары бар адамдармен тікелей байланыста болады. Өзін қорғау арқылы медицина қызметкерлері өз пациенттерін, әріптестерін және отбасы мүшелерін де қорғайды.
ЕИА аясында вакцинация жүргізу профилактикалық екпелердің маңыздылығы туралы ақпараттандыруды арттыруға, вакцинацияға деген сенімді нығайтуға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Тұрақты эпидемиологиялық қауіптер жағдайында вакцинация халық денсаулығын сақтаудың және санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатты қамтамасыз етудің негізгі құралы болып қала береді.


