Қазақстан Республикасы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мониторинг және бағалау тобының (МжБ) мамандары Солтүстік Қазақстан облысында жұмысын жалғастыруда.
Сапар аясында МжБ мамандарының Солтүстік Қазақстан облысының «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ КМК директорының м.а. Қ.Б. Бижановпен жұмыс кездесуі өтті, мониторинг жүргізудің ағымдағы мәселелері, жұмыстың алдын ала нәтижелері, сондай-ақ одан әрі пысықтауды және бірлескен шешімдер қабылдауды талап ететін проблемалық мәселелер талқыланды.
Одан әрі жұмыс барысында сарапшылар Шал ақын ауданының аудандық ауруханасына, сондай-ақ Петропавл қ. МСАК желісінің медициналық ұйымдарына барып, туберкулезге қарсы көмекті ұйымдастыруды, медициналық құжаттаманы жүргізу сапасын, туберкулезді ерте анықтау, байланыстағы адамдарды тексеру және фтизиатриялық қызметпен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты бағалады.
Мектептегі медициналық кабинеттерге ерекше назар аударылды. Мамандар оқушыларды медициналық сүйемелдеуді ұйымдастыруды, жұқпалы аурулардың белгілерін уақтылы анықтауға дайындығын, туберкулезге күдік туындаған жағдайда балаларды тексеруге жіберу алгоритмдерінің сақталуын, сондай-ақ профилактикалық және санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуді тексерді.
Мониторингтік сапар өңірдің туберкулезге қарсы қызметінің тиімділігін объективті бағалауға, жұмыстың күшті жақтары мен проблемалық аспектілерін анықтауға, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.








